01.05.2022

КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛІП, ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде үлкен қуаныш, мереке. 1 мамыр - Қазақстан халықтар достығы мерекесіне орай, ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Сарқырама ауылында көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай ескерткіш саябақ ашылды.

Ескерткіштің ашылу арналған салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Түркістан облысының Құрметті азаматы Әбдіжаппар Оңалбаев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, елі үшін еңбек еткен дара тұлғаның өмірі жолы жайында әңгімелеп, ізгі тілектерін жеткізді. Ұлы тұлға, қоғам қайраткері Д.Қонаевтың ескерткішін ашып, алдына Асқар Мырзахметов, Бәйділлә Жылкышиев, Исмат Тұрсынқұлов, Шәріпбек Жамалбеков, Әбілқасым Досболов, сынды ел ағаларымен бірге аудан әкімі Төлеген Телғараев гүл шоқтарын қойды.

«Атамекен» корпорациясы» ЖШС-нің директоры Мұрат Төлтебаевтың демеушілігімен бой көтерген қоладан жасалғкан ескерткіштің жалпы биіктігі 5 метрді құрайды. Бұл Төлеби ауданында Д.А. Қонаевқа арналып салынған екінші ескерткіш болып табылады, бұған дейін оның кеуде мүсіні Бірінші Мамыр ауылдық округінде ашылды. Ескерткіш орнатылған үлкен көшеге Д.А.Қонаевтың есімі берілді.

Социалистік Еңбек Ері, ғұлама ғалым, академик – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлы тұлғаның есімін ұлықтап, ұрпақ жадысында сақтау мақсатында Қапшағай қаласын Д.Қонаевтың есімімен атауды ұсынды. 

"Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының ерекше мәні бар. Біз  ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы  халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын" , деді Қ.Тоқаев. 

"Amanat" партиясының сайлау алды бағдарламасында қоғамымыздың құнды қазынасы саналатын мәдени құндылықтарымыздың сақталуы мен өркендеуін ұдайы қолдауды ұсынды.  Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылданып, бүгінде бұл бойынша жұмыстар атқарылуда. 

 

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "Amanat" партиясының мүшесі