05.05.2022

ЕРЛІК - ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА - ҮЛГІ

Төлеби ауданы Бірінші Мамыр ауылдық округіндегі Жеңіс саябағында Отан қорғаушылар күнінің 30 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 77 жылдығы құрметіне 'Ер есімі - ел есінде' тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.

Жиында кешегі сұрапыл соғыста Отан от кешіп, елі үшін от болып жанып, оқ болып атылған жауынгерлер рухына құран бағышталды. Аудан әкімі Төлеген Телғараевпен бірге  аудандық мәслихат хатшысы ретінде  Ұлы Отан соғысы ардагерлері монументі мен ана ескерткіші жанындағы мәңгі алауға гүл шоқтарын қойдым.

Аудан әкімі жиналғандарды Отан қорғаушылар күнінің 30 жылдығы және Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесімен құттықтады.

«Ерлік - елге мұра, ұрпаққа - үлгі» дейді халық даналығы. Халықтар достығы мен ынтымағының, ерен ерлік пен өрліктің, еселі еңбек пен қажырлы күш-қайраттың нәтижесінде қолымыз жеткен Ұлы Жеңістің даңқы ешқашан ескірмейді, қайта жылдар жылжыған сайын оның жаңа тарихи беттерін ашып, ардагер аға ұрпақтың өшпес қолтаңбасы мен өнегесін баяндап, бүгінгі жас ұрпақты ерлік пен батырлыққа баулып, жадымызда жаңғыра береді.

Мерекелік жиында ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар Төлеби ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Бұл күні сахнадан шырқалған әскери - патриоттық әндер ел айбыны ерлеріміздің құрметіне арналды.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, Amanat партиясының мүшесі