09.05.2022

ТӨЛЕБИДЕ ЭЛЕКТР ПОДСТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

 

Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесулерде сайлаушылар тарапынан жиі айтылатын талап-тілектердің арасында сапалы электр энергиясымен қамту мәселесі де қозғалады.

Елді мекендер ғана емес, аудан орталығы Ленгір қаласының да сапалы электр энергиясына деген қажеттілігі жоғары. Себебі, қарапайым тұрғындардан бөлек әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар да сапалы электр энергиясына зәру. Осы мәселеге байланысты ауданнан облыстық Мәслихатқа сайланған депутаттар сауал жолдап, көпшіліктің сұранысын түбегейлі шешу үшін ауданда жаңа электр подстанцияның құрылысын жеделдету қажеттігіне назар аудартқан болатын.

Айта кетерлігі, «AMANAT» партиясы Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында да электр энергиясы тақырыбына ерекше көңіл бөлінген. Міне, Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясында Ленгір қаласы Алатау мөлтек ауданындағы ПС-110/10кВ электр подстанциясының құрылысын жүргізу бойынша 50 миллион теңге бөлінетіні жайлы шешім қабылданды.

Жобаның жалпы құны 2 млрд 169 миллион теңгеге бағаланып отыр. Алдағы уақытта бұл қаржы бюджеттен бөлінеді деп күтілуде. Электр подстанциясы іске қосылған жағдайда аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы 63 көпқабатты тұрғын үй мен 3100 жеке тұрғын үй, сондай-ақ 16 әлеуметтік және 79 кәсіпкерлік нысан сапалы электр энергиясымен қамтылатын болады.

 

                                                                                   Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "AMANAT" партиясының мүшесі