04.04.2022

Төлеби ауданы - өзінің бал татыған қымызымен танымал

5

1 Таулы аумақта орналасқан елді мекендердің барлығы дерлік Қамбар ата түлігін баптап, бие сауып, қымыз ашыту кәсібін қолға алған. Қымыз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Шаруашылықтың осы түрімен айналысатын ауыл халқы үй жағдайында 5-6 бие байлап, саумалы мен қымызын аудан аумағы, Шымкент қаласы мен жақын маңдағы көршілес аудандарға  жеткізуде. Көп жағдайда тұрақты клиенттері қалыптасып, өнімді  тапсырыспен дайындатады.

Қымыз баптау үшін оның өзіндік әдістерін қолдана білу қажет. Кәсіптің осы түрін бизнеске айналдырғандар көп жағдайда басқалармен оның құпиясын бөлісе бермейді. Дегенмен, киікотымен ысталып, дайындалған қымыз дәмі ерекше болып келеді.

Ғалымдар қымыз өнімдерінің пайдасы жөнінде: оның  құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп екендігін айтқан. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды екен. Бұған қоса,  буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді.

Адам ағзасына пайдасы мол сусынды өндіру ісін қолға алған кәсіпкер жұмысымен танысу бағытында аудандық мәслихатқа «AMANAT» партиясынан сайланған депутат  Ерболат Жабаев Қаратөбе ауылдық округіндегі «Қожамжар» шаруа қожалығына арнайы барды.

Партия сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 4,5 тармағына сәйкес, мәслихат депутаты Ерболат Көшербайұлы  қожалық төрағасы Толқынбек Қожамжаровқа жолығып, кәсібінің жай-күйіне көңіл бөлді. Кәсіпкер  сөзіне сүйенер болсақ, 10 бие сауып, күніне   40-50 литр қымызды дайындайды. Қырық түрлі дертке шипа болатын қымыз өнімдерін дәмханаларға өткізіп, отбасының табыс көзіне айналдырған. Шаруашылық жұмысына отбасы мүшелерінің барлығы дерлік тартылған.

Төлеби аудандық Маслихат депутаты,”AMANAT” партиясының мүшесі М.Ермаханбетова.