09.05.2022

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 77 ЖЫЛ!

Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77-ші көктемімен шын жүректен құттықтаймын!

 Тарих еншісінде қалған кешегі қан майданға Төлеби ауданынан 10862 жауынгер қатысты. 5 жерлесіміз Кеңестер Одағының Батыры атағына ие болды, жүздеген жауынгерлеріміз І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері атанды.

Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.

 Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан, Жеңіс жауынгерлерінің ерлігі мен өрлігі ұрпақ жадында мәңгі қалмақ. Ал, майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!

 Біздерге бақытты күндер мен шуақты сәттерді сыйлаған айбарлы аталарымыз бен ақжаулықты апаларымызға қажетті әлеуметтік көмектер көрсету қазіргі ұрпақтың негізгі міндетінің бірі. Аға буын өкілдеріне құрмет танытып, ізгі ілтипат көрсету мақсатында аудан бюджетінен соғыс ардагерлеріне және соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жарларына біржолғы материалдық көмек берілді.

Бүгінгі ұрпақ сіздердің қаһармандықтарыңыз пен қайсарлықтарыңыздан үлгі алып, бой түзеп келеді.

Жеңістің туын желбіретіп, бейбіт өмір сүруіміз үшін жанын қиған , ерлікпен қаза тапқан ата-әжелеріміздің есімін ешуақытта ұмытпаймыз.

Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қазақстандықтар, сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Еліміздің дархан даласы кең, аспаны ашық болып, қазақ елінің көк байрағы мәңгі бейбітшілік аспанында желбірей берсін!

 Ізгі ниетпен, Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "AMANAT" партиясының мүшесі