07.05.2022

ТӨЛЕБИДЕ ЖАМАЛБЕК ҚОЗЫБАҚОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН БОКС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Бүгін Төлеби ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» Жамалбек Қозыбақовты еске алу және Төлеби ауданының 90 жылдығына арналған бокс турнирі басталды. Жасөспірімдер арасындағы бокс бәсекесінде Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Сайрам және Төлеби ауданының спортшылары бақ сынауда.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Төлеген Телғараев жиналған қонақтар мен спорт сүйер қауымды турнирдің ашылуымен құттықтап, барлық жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі. КСРО деңгейінде бокстан спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Амалбек Тшанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, жауынгерлік самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, джиу-джитсудан әлем кубогының, Азияның екі дүркін чемпионы Арман Оспанов та ізгі тілектерін жеткізді.

2007-2008 жылы туған балалар арасындағы тартысты жарыс екі күнге жалғасады. Шаршы алаңда қарсыластарынан оза шапқандар жеңіс тұғырынан көрініп, арнайы марапаттарға ие болмақ.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "AMANAT" партиясының мүшесі