12.05.2022

СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ МАҚСАТЫН ТҮСІНДІРДІ

ҚР Парламенті Сенатының депуттары Әли Әбдікәрімұлы Бектаев пен Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен келіп, аудан активі, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым және БАҚ өкілдерімен кездесіп, республикалық референдум жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

 Сенатор Әлімжан Сейітжанұлы өз сөзінде мемлекет тарихына шегініс жасай отыра, Президенттің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы негізгі басымдықтары, республикалық референдум жөнінде әңгімеледі.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын.

Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында ел үшін маңызды мәсе­лелердің барлығы жалпыхалықтық талқылау арқылы шешілетінін нақтылап айтты.

Осыған орай, Президент 5 маусымда елімізде республикалық референдум өткізу туралы Жарлығын жариялау арқылы - Жаңа Қазақстанды құруға халықтың өзін тартуға әзір екенін білдірді. Референдум осы тұрғыда ел бірлігінің айқын көрінісін паш етпек.

 Кездесу барысында сөз алған Сенат депутаты Әли Әбдікәрімұлы аудан халқымен кездесудің мақсатын түсіндіріп, ел жағдайын сұрастырып, Мемлекет басшысының "Жаңа Қазакстанды" құрудағы алға қойған мақсаттарын әңгімеледі. Конституцияның баптарына енгізілетін өзгерістерге тоқтала кетіп, оның мақсатын түсіндірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Ата Заңның 33 бабына енгізілетін өзгерістерді халықтық дауысқа салуы - мемлекеттегі демократияның айқын көрінісінің бірі болып саналады.

Азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекет – Жаңа Қазақстанда мәслихаттардың рөлі, жауапкершілігі, олардың субъективтілігі мен дербестігі артады. Мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру олардың сол өңірде қордаланған өзекті мәселелерді шешуіне мүмкіндік береді.

Саяси жаңғыру аясында мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуын қолдайтын азаматтар өз көзқарасын референдумда білдіру құқығына ие.

Қазақстанда референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібі 1995 жылғы 2 қарашада қабылданған «Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңмен белгіленген. Оған сәйкес, кәмелет жасына толған әр Қазақстан азаматы референдумға қатысып, оған шығарылған мәселе бойынша өз ұстанымын білдіре алады.

Референдумды өткізуге азаматтар ерікті түрде қатысады әрі бұл жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей қатысу құқығына негізделеді.

Сенаторлардың халықпен кездесуі барысында аудан тұрғындары Е. Майлыбаев, А.Оразалиев, Б.Тойлыбаев, А.Айдарқұлов, Л.Асанова және т.б қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Кездесу барысында әрбір қойылған сұрақтарға депутаттар толыққанды жауап берді.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "AMANAT" партиясының мүшесі