26.05.2022

АУДАН ӘКІМІ ЕЛ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНДІ

Төлеби ауданын Сайрам ауданы және Шымкент қаласымен байланыстырып отырған Зертас ауылдық округіндегі Зертас, Жаңакүш елді мекендерінің халқы тығыз қоныстанған. Екі ауылда 953 тұрғын үй, 1298 отбасы, 6126 тұрғын бар. Қосан Мамытов атындағы және Шомшақты жалпы орта мектептерінде жалпы 910 оқушы дәріс алып, 104 ұстаз еңбек етеді. «Аяулым» және «Ақбота Ару» балабақшаларында 350 бүлдіршін тәрбие алады. Округте өз полиция бекеті, Мәдениет үйі және кітапханасы, денсаулық сақтау мекемесі бар. Екі елді мекенге табиғи газ тартылып, көшелер жөнделген. Округтегі ішкі жолдардың қанағаттандырылық жағдайы 75 пайызды құрайды. Шекарада орналасқан елді мекендерде 7 ЖШС, 4 ӨК, 431 ШҚ жұмыс істейді. Халқының негізгі күн көрісі ауыл шаруашылық саласы болғандықтан, ірі қара саны 3598, жылқы саны 1141, уақ мал 11286 ны құрайды.

Былтырғы жылы Зертас елді мекенінің ауыз су құрылысына қаржы бөлініп, Жаңакүш елді мекеніне орталықтандырылған ауыз су жүйесін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Зертас елді мекенінің Жарасов, Мамытов көшелері мен Жаңакүш елді мекеніне электр желілері жүргізіліп, трансформатор орнатылды. Еламан-Сауран көшелерінің 1,26 шақырымы орта жөндеуден өтті. Округтегі жаңа массивке инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, балаларға ойын алаңшасы салынды. Спатай Аңдас көшесі бойындағы Қ.Мамытов атындағы аллеяға құрылысы басталды.

2022 жылы Зертас елді мекеніндегі ауыз су құрылысы жалғасын тауып, Жаңақұрылыс 2 және 3 және Сәтпаев көшелері жөнделіп, Зертас көшесіне тас төселеді. Жаңакүш елді мекенінің 0,7 шақырымы жарықтандырылып, Зертас елді мекеніне спорт алаңшасы орнатылады. Сондай-ақ, мемлекеттік жекеменшік әріптестігі аясында ФАП құрылысы жүргізіледі. Екі елді мекенде де жыл көлемінде санитарлық тазалық жұмыстары атқарылады.

Көрсетілген мәліметтерді аудан әкімі Төлеген Телғараев Зертас Мәдениет үйінде өткен кездесуде халық назарына ұсынды. Бекітілген кестеге сай өткен есепті кездесуді аудандық мәслихат хатшысы ретінде  ашып, жүргізіп отырдым. Жиынның басым бөлігі сұрақ-жауап форматына арналғандықтан, округ халқы әкімі баяндамасынан кейін өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ауыл халқы негізінен әлеуметтік мәселелердің шешімін тапқанын, бүгінде елді мекенде тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалғанын айтып, игі істің басында жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізді. Дегенмен, уақыт озған сайын халықтың тұтынушылық қажеттіліктері артуына байланысты, тұрғындар бірқатар мәселелерді атқарушы билікке жеткізді. Атап айтар болсақ, ауыл тұрғыны Т.Сарыбасов округтің бас жоспарына сәйкес жүзеге асатын жобаларды сұрастырып, «ҚазПошта» мекемесі қызметкерлерінің аядай ғана бөлмені паналауға тұра келетінін, ал елді мекенде бос тұрған ғимарат бар екенін және де оны жөндеуден өткізіп, байланыс саласының мамандарына беруді сұранды. С.Омарханов ел экономикасы оңалғаннан кейін ауылдық округтерді көркейтуге жете мән беріліп, көптеген мәселелер шешімін тапқанын, мемлекеттің жүйелі қамқорлығының арқасында бүгінде ауылдардың түтіні түзу шығып, елді мекендер көркеюде екенін айтты. Ауыл тұрғыны Еламан-Сауран көшесінің қалған бөлігінде электр бағаналарын ауыстыру қажеттігі бар екенін жеткізді. Журналист Л.Асанова округ көрші ауданның шекарасында орналасқандықтан, елді мекен арқылы өтетін жолдар ауыр жүк көліктерінің салдарынан қирап, асфальттар шашылып кететінін, оған арнайы белгі қойып, бюджет қаржысы арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілген көшелерді сақтау қажеттігін ұсынды. Н.Есенбекова мектеп оқушыларын жазғы демалыс кезінде мәдени іс-шараларға тартып, уақыттарын тиімді өткізу мақсатында Мәдениет үйінен үйірмелер іске қосылса деген өтінішін жасырмады. Ауыл тұрғыны майда шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы субсилияға қажетті техникалар алу мүмкіндігі бар екенін, ол үшін елді мекендердегі шаруаларды бірігуге үндеп, бауға, егістік жеріне мал түсіп кететінін, одан шаруа шығынға ұшырап отырғанын айтты.

Кездесуде ауыл халқы қойған сұрақтарға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешілу жолдары мен орындалу уақытын нақты көрсете отырып, түсіндірді.

Басқосуды қорытындылап,  округте мемлекеттік жобалардың қарқынды жүзеге асуының нәтижесінде елді мекендердің қазіргі жай-күйі аудан орталығынан кем емес екенін, халық тұрмыстық ауыртпалықтарын арылып, ендігі кезекте мәдени дамуды қолға алып, идеология саласын жақсарту үшін ұсыныстар айтып жатқанын, ендігі кезекте ел болып Жаңа Қазақстанды құруға ат салысуды ұсындым. Бұған қоса, 5 маусымда өтетін референдумның маңыздылығын түсіндіріп, халықты өз болашағына немқұрайды қарамай, Ата Заңның 33 бабына енетін өзгерістерді талдап, оған дауыс беруге шақырдым.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен халқымыз екінші рет Конституцияға енетін өзгерістерге таңдау жасауда. Ата Заңның үштен біріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Әділетті жүйе қалыптасқан Жаңа Қазақстанды құруды ұсынды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, "AMANAT" партиясының мүшесі