26.05.2022

ЗЕРТАСТЫҚТАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық деңгейдегі әкімдерге атқарылған жұмыстарға есеп беру үшін жыл көлемінде халықпен кездесіп қана қоймай, олардың мұң-мұқтаждарына көңіл бөлу үшін жеке қабылдау қажеттігін ескертті. Аталған тұжырымдама негізінде аудан әкімі Төлеген Телғараев әр ауылдық округтердегі кездесулерде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, оларды толғандырған, алаңдатқан проблемаларға көңіл бөлуде.

Аудан басшысы Зертас ауылындағы халықпен кездесуден кейін оларды жеке қабылдады. Қабылдауға келген Т.Сарыбасов ауылға ауыз су құбыры тартылып жатқанын, құрылысы жүріп жатқан инженерлік-коммуникация жүйесіне көңіл бөліп, оның сапалы қадағалау қажеттігін айтты. Аудан басшысы ауыз су құрылысына республикалық бюджет есебінен қаржы бөлініп, оны «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС жүргізіп отырғанын, нысан биылғы жылы пайдалануға берілетінін жеткізді. Бүгінде елді мекенге 24,7 шақырым су құбыры жүргізіліп, 196 су құдықтары орнатылды. Резервуардың құрылысы басталып, жұмыстар жүргізілуде. Нысанның сапасын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары өз бақылауында ұстап отыр.

А.Ахатов Жаңакүш елді мекенінде интернет желісі мүлдем жоқтығына шағымданды. Аудан әкімі аталған елді мекенге биылғы жылы «Кселл» АҚ ұялы байланыс станциясын орнататынын айтты.

Ж.Бәкірбаев Шомшақты орта мектебіне қосымша оқу корпусы қажеттігін айтып, ФАП құрылысы жөнінде сұрастырды. Аудан басшысы Шомшақты мектебі жанынан 150 орындықты оқу ғимараты, асхана, шеберхана корпустарының құрылысының жобалау-сметалық құжаттары әзірленгенін, ол сараптамадан өтіп, оң қорытындысы шыққанын, қаржыландыру үшін тиісті салалық басқармаларға жолданғанын жеткізді.

Т.Жолдасова өзінің баспанасыз екенін, отбасымен елді мекендегі таныстарының үйін паналап жүргенін, тұрғын үй кезегіне тұрғанын, жалдамалы үйлері апатты жағдайда екенін айтып аудан әкімінен үйді жөндеуге көмек беруін өтінді.

Аудан әкімі қамқорға мұқтаж отбасының жағдайымен танысып, қажетті көмек беруді ауылдық округіне әкіміне тапсырып, апатты жағдайдағы үйді жөндеу үшін бюджеттен қаржы қаралмайтынын, дегенмен, демеушілер көмегімен құрылыс жұмыстарын жүргізуге уәде берді.

Н.Есенбекова өзінің шығармашылық жұмыстармен айналысатынын, ақындық қасиеті бар екенін, өлең жазуды серік еткенін айтып, 30 дан аса әндердің туындауына себепкер екенін, дегенмен авторлық құқығы қорғалмағанын айтты. Сондай-ақ, өзінің шығармашылық кешін ұйымдастыруды жоспарлап жүргенін де жасырмады.

Аудан басшысы аталған жәйттарды анықтауды және кеш ұйымдастыруға көмек беруді аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне тапсырды.

С.Омарханов ауыл тумалары, тұрғындары өз қаржыларына спорт зал, мешіт тұрғызуды жоспарлағанын айтып, оның эскиздерімен таныстырды.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі