19.05.2022

РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ТҮСІНДІРДІ

Төлеби ауданының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына қатысып,  5 маусым күні өтетін республикалық референдумның маңыздылығы жөнінде әңгімеледім. Басқосуға Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының "Ақпараттық талдау орталығы" КММ директоры, облыстық штаб мүшесі Сейдулла Айкөзов те арнайы қатысып, аталған тақырып бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Референдум латын сөзінен аударғанда — мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу дегенді білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің болашағын айқындайтын саяси өзгерістерді халықтың талқылауына салып, таңдауына берді. Конституция әр адамның өмірінің кепілі, бұл мемлекеттегі ең жоғарғы күшке ие заңдар жинағы болса, қазіргі кезде біз өз болашағымыздың, тағдырымыздың таңдауын жасауға мүмкіндік алып отырмыз, деп оның маңыздылығын түсіндіріп өттім. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, халықтың сұранысы, пікірлері ескеріле отырып, Конституцияның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. «Күшті президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет». Осы қағиданы ұстана отырып Ата заңымызға өзгерістер енгізілмек. Бастысы заңда көптің көңіліндегі күмәнға нүкте қойылады.

Аудандық мәслихат хатшысы ретінде  Қоғамдық кеңес отырысына қатысқан ардагерлерді, ел ағаларын референдумға белсенді қатысуға және конституциялық өзгерістер үшін дауыс беруге және еліміздің жарқын болашағы үшін жергілікті халықты жұмылдыруға ат салысуға шақырдым.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі