27.05.2022

ҚУАНЫШ АЙТАХАНОВ ДИХАНКӨЛ ХАЛҚЫНА АТА ЗАҢҒА ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕРДІ ӘҢГІМЕЛЕДІ

Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 5 маусым күні республикалық референдум өткізу жоспарлануда. Бүгінде Төлеби ауданында Ата Заңға енетін өзгерістерді халыққа жеткізу, түсіндіру, үгіт-насихат жүргізу бағытында аймаққа республикалық, облыстық штаб мүшелері, Мәжіліс және Сенат депутаттары арнайы келуде. Аудандағы 55 елді мекенде кездесулер өткізіліп, референдумға қатысты сауалдарға жауап берді.

Мемлекетіміздегі ең үлкен саяси өзгерестер жөнінде әңгімелеп, халықтың жай-күйін көңіл бөліп, олармен пікірлесу бағытында бүгін мемлекеттік және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов келді. Экономика ғылым кандидаты, Түрікстан облысында бірқатар лауазымды қызметтерге атқара жүріп, көптеген игі істердің ұйытысы бола білген, елге сыйлы Қуаныш Айтаханұлы Диханкөл елді мекен тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл ақсақалдарынан ауылдың тұрмыс-тіршілігін сұрап, оларды толғандырып жүрген мәселелер жөнінде әңгімеледі. Еліміздегі саяси оқиғаларға талдау жасап, референдум өткізудегі Мемлекет басшысының мақсатын, мұратын түсіндірді.

Кездесуге қатысқан Түрікстан облыстық «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысының орынбасары Қалима Жантөреева, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров сөз алып, Ата Заңға енетін өзгерістерді түсіндіріп, халықты референдумға қатысуға шақырды. Басқосуға «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Қуаныш Қансейітов пен мәслихат депутаты Қанат Өмірбеков қатысты.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі