03.06.2022

ОБЛЫС ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН, ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесу мақсатында арнайы іс-сапармен келді.

Өңір басшысы алдымен «Жастық» стадионында кәсіпкерлермен кездесті. Өмірзақ Естайұлы аудан аумағында өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіп иелерімен дидарласып, олардың хал-жағдайларын сұрастырып, өтініштерін тыңдады. Кейіннен ауданның спорт саласын дамыту бағытында еңбек етіп жүрген жаттықтырушылармен әңгімелесіп, оларды толғандырып жүрген сұрақтарына жауап беріп, салауатты өмір салтын ұстану бағытында атқарылған жұмыстар барысымен танысты. Еркін пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.

Айта кетерлігі, бүгінде аудан аумағында AMANAT партиясының сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 3,4,11 және 3,4,13 тармақтарына сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауданда спортпен шұғылданушылар саны артып келеді. Оның дәлелі шағын футболдан өткен облыстық спартакиадаға қатысуға ниет еткендер командалар санының көп болуы және жастардың дене шынықтыруға аса назар аударуы дер едім. 

Сондай-ақ, ҚР Президентінің бастамасымен елімізде аса маңызды саяси реформалар жүріп жатқанын, Ата Заңға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтетінін, сол саяси науқанда әрбір азамат белсенділік танытуы тиіс екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы наурыздағы Жолдауында 10 бағытта алдағы уақытта қандай реформалар болатынын айқындап берді. Суперпрезиденттік жүйе өзгертіліп, Парламент пен мәслихаттардың ықпалы күшейтіліп жатыр. Күні кеше Президентіміз еліміздің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, аса маңызды мәселелерге назар аударды. Кәсіпкерлерді қолдау, оларды қорғау шаралары күшейтілетін болды. Бізге де осы бағытта тапсырмалар берілді. Кәсіпкердің жұмысына кедергі жасағандардың ісі қатаң қадағаланады. Осы мәселе бойынша облыста құқық қорғау, салық және басқа да орган өкілдерімен кездесіп, тиісті жоспар жасаймыз. Жалпы Президенттің саяси реформаларын ел қолдап отыр, деді өз сөзінде Өмірзақ Естайұлы.

Облыс басшысы «Жастық» стадионында шағын футболдан ересектер арасында ұйымдастырылған спортакиаданы тамашалады.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі