04.06.2022

ДИХАНКӨЛДЕ САУМАЛМЕН САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Төлеби ауданы Диханкөл елді мекені республика аумағына өзінің қымызымен танылып, тіпті ол брендке айналды. "Диханкөл қымызын" тұтынушылар саны күн санап артып келеді. Бүгін Қоғалы ауылдық округінде үшінші саумалмен емдеу орталығы іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Саумалдың адам денсаулығына тигізетін көптеген пайдасы жөнінде көптеген әңгімелер айтылуда. Саумал – бұл жеңіл қорытылатын белсенді биологиялық өнім. Ол ағзаға сіңірілу кезінде, ас қорыту процесіне қатысатын органдарға (асқазан, ұйқы безі, бауыр, ішек) үлкен жүктеме жасамайды. Сол себептен, дененің қалыпқа келу процесін жылдамдатады. Саумал метаболизмді қалыпқа келтіруге, тұмаудың алдын алуға және қатерлі ісік ауруын емдеу үшін қолданылады. Сондай-ақ, ол қан айналымын жақсартады. Бие сүтінде көптеген дәрумендер, микроэлементтер және басқа да биологиялық белсенді заттар бар. Саумалдың көмегімен, иммундық жүйенің қызметін жақсартуға және асқазанның ойық жарасы ауруын емдеуге болады.

Аталған өнімді тұтынушылардың басым бөлігі қала тұрғындары болғандықтан, халық сұранысына орай, саумалмен емдеу орталықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жеке кәсіпкер Еспенбетова Эльмира «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде сауықтыру кешенін іске қосты. Сауықтыру орталығының жоба құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады. "Дихан Тау" саумалы сауықтыру орталығында ем қабылдаушылар үшін үш мезгіл асы мен төрт мезгіл саумал және жатын орын қызметі ұсынылады. 4 адам тұрақты жұмыспен қамтыған.

AMANAT партиясының сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 4,2 және 4,5 тармақтарына сәйкес, туристік демалыс аймағының саны артып, қымыз өндіретін тұрғындарға кәсібін дөңгелетуге қолдау көрсетілді. 

Кәсіпкер отбасылық бизнесін жұбайы Бағлан Рысбаевпен бірге жүргізіп, Диханкөл елді мекеніндегі жеке үй жайынан 15 бөлмеден тұратын ғимарат құрылысын аяқтап, жиһаздармен жабдықтаған. Оның ішінде стандарт номерлермен қатар, отбасылық жеке бөлмелер де бар. Терезелері тау көрінісіне қараған орталықтың жалпы жер көлемі 37 соттық. Тау көрінісі мен керемет табиғат аясындағы түрлі жеміс ағаштары, жаздық тапшандар, бассейн, орталыққа сән беріп тұр. 3-4 бие ұстап, сауып беруге арналған жер де қарастырылған. Демалушыларға атпен серуен ұйымдастырылған.

- Ауылдағы жұмыссыз жандарды жұмыспен қамтып, ем әрі дем алушыларға сапалы қызмет көрсетуді бастап кеттік,-дейді Бағлан Рысбаев.

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Нахыпбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі