04.06.2022

"ЖЫРЫМ БІРГЕ ЕЛІММЕН" АТТЫ ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШ ӨТЕДІ

AMANAT партиясының сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 5,5 тармағына сәйкес, ақын, журналист, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көпбаев Темірғали Мұратбекұлының «Жырым бірге еліммен» атты әдеби шығармашылық кеші 6 маусым күні сағат 15:00-де аудандық мәдениет үйінде өтеді. 

Темірғали Көпбаев 1962 жылы 7 ақпанда Түркістан облысы, Төлеби ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген. Өлең жазуды мектеп қабырғасынан, 6-сыныптан бастаған. «Құстар мерекесі» атты алғашқы өлеңі 1977 жылы 7-сыныпта оқып жүргенде Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде жарық көрді. Сол кезден бастап оның мектеп тақырыбына жазған өлеңдері мен шағын мақалалары республикалық «Қазақстан пионері (қазіргі «Ұлан»), «Оңтүстік Қазақстан», Ленгір (қазіргі Төлеби) аудандық «Ильич жолы» (қазіргі «Төлеби туы) газеттерінде жарияланып жүрді. Ол әдеби ортаға 1984 жылы келді. 1985 жылы сәуір айында Қазақстан Жазушылар одағы өткізген «Жігер» фестивалінің дипломанты болды. Сол жылы оның өлеңдері «Жалын» журналында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланды. 1988 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Талай сырды ұқтырып» деген тақырыппен алғаш рет бір беттік жеке өлеңдер топтамасы жарық көрді. 1990 жылы күзде Т.Көпбаев Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған жыр мүшәйрасының жеңімпазы болды. Қазақ поэзиясының айдынында ерекше талантымен көзге түскен Темірғалидың бүгінгі күнге дейін бес жыр жинағы жарыққа шықты.

Олар: «Көзмоншақ»,«Жаңғырық», «Кие» «Оңтүстік», «Аңсар». Ақынның өлеңдері бірнеше поэзиялық антологияларға енді. Талантты ақын Темірғали Көпбаевтың тегеурінді жырлары мен дастандары терең ой мен кестелі сөздің көркемдік бірлігін, көңіл сыры мен жүрек шерінің шынайы үйлесімдігін айқын танытады. Елдік биік мақсат, ұлттық асқақ рух мәселесін айтуға келгенде ақжүрек ақынның өршіл поэзиясына тән сезім бұлқыныстары оқырманды еріксіз елітіп әкетеді. Табиғат, махаббат лирикаларындағы суреткерлік шеберлік ерекшеліктері ақынның өзіндік болмысын даралап көрсетеді. Ақын өлеңдеріндегі көркемдік әдістердің сан алуандығы, астарлы мәннің молдығы, сезім шынайылығы өз оқырманын ынтықтыра түседі. 2012 жылы Темірғали Көпбаевқа «Кие» жыр жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

Өмірін өлеңмен өріп, поэзия әлемінде жыр бесігін тербеткен ақын бұл кешін оқырмандарға арнайды.

Н.Қойбағаров,  Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі