07.06.2022

ТҰСАУ КЕСЕР НЕМЕСЕ ТҮЙІНІН ШЕШУ

AMANAT партиясының сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 5,3 тармағына сәйкес,  Төлеби ауданының көрнекті тумаларының өмір жолы мен шығармашылықтарын  насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Осының бір дәлелі  кеше мәдениет үйінде ауданымыздың 90 жылдығы мерейтойына арнап жасалған іс-шара жоспарының кестесіне сәйкес, қазақ ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құрасбек Тыныбековтің туғанына 75 жыл толуына орай «Құрасбектің рухы сөйлейді» атты кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті.

Мәдени және рухани іс-шара белгілі суретші, қазақ тоқыма өнерін кәсіби тұрғыда қайта түлетуші, біртума талант Құрасбек Тыныбековтің өміржолына арналған деректі фильммен басталды. Оңтүстіктің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған белгілі суретші Құрасбек Тыныбеков - қазақ гобелен өнерінің шолпан жұлдызы. Ол - небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, өзінен кейін мол мұра қалдырып үлгерген алып өнер иесі.

Әдеби кешке "Құрасбектің рухы сөйлейді" атты суретшінің рухын асқақтатқан үлкен еңбектің авторы – танымал журналист,жазушы Есенәлі Ералы арнайы келіп, кітаптың мазмұны жөнінде әңгімеледі. Жазушы қазақ бейнелеу өнерінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, баға жетпес туындыларды мәңгі қалдырған Құрасбек Тыныбековтың өнерін ұзақ жыл зерделегенін,ішкі дүниенің тебіренісінен кейін, оның рухымен сөйлесе отырып жазылған шығарманың мән-мағынасын жеткізді.

Сәндік өнер саласындағы еселі еңбегінің нәтижесінде Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған Құрасбек Тыныбековтың гобелен жанрында ойлап тапқан жаңа техникасын әлемнің көптеген елдерінің шеберлері өз шығармашылықтарында қолданалып келуде.

Ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін өнерімен паш еткен қылқалам шеберінің есімі еліміздің ұлттық қолданбалы өнері тарихында әрқашан көшбастаушы ретінде жарқырай береді, -  деді өз сөзінде жазушы аға.

Баспадан енді ғана шыққан кітаптың тұсауын кесуге шақырылған Андас Оразалиев ағамыз жазушы бауырына алғысын айтып батасын берсе, ал Күлия Айдарбекова әпкеміз Құрасбек ағаның туған інісі, бүгінде атақты қылқалам шебері, аға ісін жалғастырушы Құттыбек Жақыпқа дара тұлға ағаны ұлықтауда атқарып жатқан еңбегі үшін жиналған қауым алдында рақмет айтты.

Күлия әпкеміз жаңа туындының оқырманы көп болсын деп тілегін білдіріп,қазақ салтында тұсау кесу рәсімі тек балаға арналатынын түсіндіре келе , кітапты көмкере байлаған алқызыл сәнді жіптің түйінін шешті. Той-тойға ұлассын дегендей, жазушы Есаналы Ералының туындысының тұсау кесерінен кейін,жерлесіміз ақын, журналист Темірғали Көпбаеавтың «Жырым бірге еліммен» атты әдеби шығармашылық кешімен жалғасты. 

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі