10.06.2022

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА 45 млрд. 447 млн ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

Төлеби ауданы өнеркәсібінің негізгі бағыты жеңіл және тамақ өнеркәсібі. Бұл бағыттағы аудан потенциалы өте мол. Өнеркәсіп саласында ауданымызда 20 кәсіпорын, оның ішінде 2 ірі және орта кәсіпорындар, 15 шағын кәсіпорындар, 3 қосалқы кәсіпорындар жұмыс атқаруда. Олар: «Газпромнефть-Битум Казахстан» ЖШС, «ФудМастер-Шымкент» ЖШС, «Ақмаржан LTD», «Аққұм Астық», «Атамекен Корпорациясы», «Балмұздақ » ЖШС. Ауданымызда кәсіпкерлік саласында 7096 субъекті жұмыс істейді.


Азық-түлік өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 45 млрд. 447 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады.

AMANAT партиясының сайлауалды уәделерді орындау бойынша Жол картасының индикаторларын орындау бағдарламасының 2,14 тармағына сәйкес, сүт өнімдерін өндіретін 2 кәсіпорынның                  («Балмұздақ» ЖШС –і, «FoodMaster» ЖШС) өнім көлемі артып келеді. 


Аудан аумағында республикаға және алыс, жақын шет елдерге танымал «Балмұздақ» ЖШС –і орналасқан. «Балмұздақ» ЖШС-і өз өнімдерімен бүкіл Қазақстанды қамтып отыр. Сондай-ақ, өнімдерін көршілес шет елдерге де эскпорттауда. Серіктестік ұдайы заман талабына сай озық технологияларды ендіріп, балмұздақ өндірісі үшін қажетті барлық шикізатпен қамтамасыз етілген, арнайы талапқа сай сертификаттары бар. Бүгінгі таңда 200-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорында 50-ге жуық балмұздақ түрі өндіріледі. Бұған қоса, «Балмұздақ» ЖШС — і шоколад өңдейтін цехін іске қосып, отандық өнім «Түркістан» және «Perfetto» сауда белгісімен шоколад өндіру жұмысын қолға алған.


Сүт өнімдерін дайындайтын «FoodMaster» ЖШС орналасқан. «FoodMaster» - бұл жоғары сапалы отандық йогуртты қазақстандық нарыққа шығарған алғашқы кәсіпорын. Компания 1995 жылы Есік қаласындағы зауытты сатып алып, алғашқы қазақстандық йогурт шығарды. 1998 жылы Компания құрамына «FoodMaster Шымкент» ірімшік жасау зауыты кірді. Алғашқы кезде Оңтүстік Қазақстан облысының Көксәйек елді мекеніндегі FoodMaster компаниясының бөлімшесі ретінде құрылып, кейіннен «FoodMaster – Шымкент» сүт зауытына айналды. Компания жұмысын аудан көлемінде бастаған кезден бастап, ауыл халқы сүттерін осы мекемеге өткізіп, компанияның айнымас серіктестігіне айналды. 1998 жылы әлемге әйгілі шведтік «Тетра Пак» компаниясының жоғары технологиялық желілерінде ультра пастерленген сүтті өндіру бойынша Қазақстандағы тұңғыш зауыт кәсіпорынның құрамына кірді. Компанияның өнімдері барлық халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Өнім шығару сұрыпталымы мен көлемі үнемі өсуде. Зауыт тұрақты түрде тәулігіне 100 тоннаға жуық табиғи сүт өнімдерін өндіреді. Зауытта 120-дан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын Түркістан облысы тұрғындарының күнделікті сүт жинауымен айналысатын 16 фермерлік шаруашылықпен және 16 жеткізушілермен ынтымақтастық жасайды.


«Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы» аясында Ленгір арнайы жұмыс киімдерін тігетін «KAZPLAST» ЖШС жаңа тігін фабрикасын салуды жоспарлап отыр.
Ауданның өнеркәсібін дамыту бағытында әлі де атқарылар іс аз емес. Ел игілігіне қызмет ететін өндіріс ошақтарын көбейту арқылы ғана аудан экономикасын көтере аламыз.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі