22.06.2022

АУДАН ӘКІМІ АҚҚҰМДЫҚТАРДЫҢ ӨТІНІШІН ТЫҢДАДЫ

Мемлекеттің қарқынды дамуы үшін әр өңір белгілі бір талап үдесінен шығуы қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық деңгейдегі әкімдердің жыл көлемінде халықпен кездесу қажеттігі жөнінде тапсырма берді.

Бүгін Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың аталған ауданның 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есептік кездесуінде халық көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылып, болашаққа бағыт-бағдар жасалды. Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңес төрағалары, ардагерлер, зиялы қауым, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, түрлі сала қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров төрағалық етті. Сұрақтарға жауап беру, пікір алмасу бағытында өткен басқосуда округ халқы аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.

2021 жылы Аққұм ауылдық округі бойынша атқарылған жұмыстар барысы төмендегідей: 2021 жылы аймақтың 7 көшесіне электр желілері тартылып, трансформатор орнатылды. Момынай елді мекенінің Ақпан батыр, Ақтас, Бұлақты көшелері орта жөндеуден өтті. Жаңаұйым елді мекені мен ауыл орталығының Ақтас көшесіне аяқ жол салынды. Сондай-ақ, Жаңаұйым ауылына түнгі жарық орнатуға қаржы бөлініп, елді мекенге кіре беріс аркасы жаңартылды. Момынай елді мекеніндегі жаңа массивке инженерлік-коммуникация жүйелерін тарту бағытында жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді.

2022 жылы Момынай елді мекенінің Ақтас көшесінің 5,6 шақырымы, Аққұм елді мекенінің Ащы көшесінің 2,35 шақырымы, Ленгір-Аққұм бағытындағы автомобиль жолы жөндеуден өтеді. Округ халқына тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жаңа массивте инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асады. Аққұм елді мекеніндегі Қапал батыр көшесіне аяқ жол салынады. «Жаманжар» каналы механикалық тазалаудан өтеді.

Сондай-ақ, Момынай елді мекеніне Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу мақсатында қаржы бөлінеді. Көркейту, көгалдандыру жұмысы жыл көлемінде жалғасын табады.

Аудан әкімі Төлеген Телғараев округ тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, «Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Бәрі де ретімен шешімін табады. Тұрғындарымен тығыз байланыс жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі мақсатында жыл көлемінде кездесулер өтеді. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ел ертеңіне аянбай қызмет етуіміз қажет,- деді аудан басшысы.

Н.Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихат хатшысы, AMANAT партиясының мүшесі