23.12.2016

Төлеби аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымдағы кезекті он бірінші сессиясы өтті

Аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезекті он бірінші сессиясына аудандық мәслихатқа сайланған 17 депутаттың 15-і қатысып, депутаттар Ә.Әмірәлиев пен Р.Сайлауұлы белгілі себеппен сессия жұмысына қатынаса алмады. Сессия мәжілісіне аудан әкімі Б.Парманов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мекемелер басшылары, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы М.Алтаев, оның орынбасарлары, бөлім басшылары, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары А.Тазабеков, штаб бастығы, аудандық пробация қызметінің бастығы А.Қамбарбаев, мәслихат аппаратының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

         Аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезекті он бірінші сессиясын №11 сайлау округінен сайланған депутат, мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров ашты. Сессияны жүргізу барысында мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров сессия төрағасы Р.Сайлауұлының ауа райының қолайсыздығынан сессияға жете алмағандығын хабарлап, сессияны «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18 бабы 3 тармағына сәйкес өзі жүргізіп отыруға ұсыныс жасады. Депутаттар корпусы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезекті он бірінші сессиясының күн тәртібінде мына төмендегі мәселелер қаралды:

          1. 2017-2019 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы.

         2. Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңесші органның есебі  туралы.

         3. Ауданда қылмысқа қарсы күрес және қылмыстың алдын алу жұмыстарының барысы жайлы  Жергілікті полиция қызметінің есебі туралы.

         4. Төлеби ауданы әкімдігінің дербес құрамына енгізілетін өзгеріске келісім беру туралы.

        5. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының құрамын бекіту туралы.

        6. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы.

        7. Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 04 наурыздағы №50/247-V «Төлеби ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.

       8. Төлеби аудандық мәслихат аппаратының шығыс сметасын бекіту туралы.

       9. 2016 жылға арналған аудандық мәслихаттың жұмыс жоспары туралы.

       10. Аудандық мәслихаттың алдағы болатын сессиясының төрағасын сайлау туралы.

Күн тәртібі белгіленгеннен кейін санақ, редакциялық комиссиялары және хатшылық құрамы сайланып, сессия жұмысының регламенті бекітілді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева баяндама жасап (қоса тіркеледі), бюджет көрсеткіштерін слайдтармен түсіндірді. Баяндамашыға сұрақтар қойылмады.

Мәжіліс төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров бүгінгі күн тәртібіне қойылған 1,2,3 мәселелерді бірден қарау ұсыныс жасады, ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева баяндама жасады. (қоса тіркеледі)

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары А.Тазабеков баяндама жасады. (қоса тіркеледі)

Сұрақ: №2 сайлау округінен сайланған депутат Т.Манкеев –  Кеңесарық ауылында жылқы ұрлығы орын алып, оны кім жасағаны белгілі болса да ұрлаған адам сотталмады. Неге шара қолданбадыңыздар?

Жауап: Бұл оқиға бойынша төрт жылқы табылды. Ал басқа да орын алған мал ұрлықтары бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде.

Сұрақ: №8 сайлау округінен сайланған депутат Қ.Әшірбеков –  Жасөспірімдермен бірлесе аудандық білім, спорт бөлімдерімен  іс-шаралар өткізілді дедіңіз. Олар қандай іс-шаралар? Жасөспірімдер арасында бірлесе атқарған жұмыстарыңыздың мақсаты неде? Қандай қауіпсіздік іс-шаралары жасалынады?

Жауап: Аудандық білім, спорт бөлімдерімен бірлесе жастармен қылмыс жасаудың алдын алу барысында жұмыстар атқарылып жатыр. Ата-аналарымен де кездесулер өткізіліп, жұмыстар атқарылуда. Осы күнге дейін комиссияның 12 отырысы өтті.

Сұрақ: №10 сайлау округінен сайланған депутат Е.Майлыбаев –  Қызмет барысында қылмыстың тіркелуі азайып, тәртіптік шаралардың көбейгені неліктен? Жұмыстарыңызды патрульдік полиция қызметімен айналысуға бағыттап жібергеннен бе? Осы жағын зерделеп көрдіңіздер ме?

Жауап: Қазіргі таңға қоғамдық тәртіпті нығайту барысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі болып отыр. Оны Жергілікті полиция қызметінде штат қызметкерлері тарапынан өзіне бекітілген жұмыстарды тиянақты атқаруының себебі деп білем.

Мәжіліс төрағасы, аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров –Осы есепті баяндаманы Жергілікті полиция қызметінің басшысы беру қажет болатын. Мерзімін, өтетін орнын біле тұра кезекті еңбек демалысына шығыпты. Баяндамаңыз бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығы байқалады. Алайда, пікірлер бойынша аудан халқын мал ұрлығының ашылмауы қатты алаңдатады. Көксәйек ауылындағы профилактикалық іс-шаралар арқасында біршама мал ұрлығы тоқтап тұр. Осы үрдісті аудан көлемінде атқару қажет сияқты. Алдағы уақытта қызметтеріңізде профилактикалық іс-шараларға көңіл аудартсаңыздар ауданда мал ұрлығының саны азаяры сөзсіз. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты жұмыстарыңыздың бірі. Қажетті орындарға жол кедергілерін орнатпау салдарынан адам өлімі де орын алып отыр. Талапқа сай жол кедергілерін басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерге қоюға ұсыныс білдіремін.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жарыссөзге аудандық мәслихаттың №8 сайлау округінен сайланған депутат Қ.Әшірбеков шықты.  Өз сөзінде ол ауданның 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті біркелкі бөлінді деп ойлайтынын, сондай-ақ, жыл ішінде депутаттардың ұсынысы бойынша аудандағы бұқаралық спортты дамыту мақсатына көңіл бөліп, қаржыландыру мәселесі де қолға алынғаны қуантады деп, спортты дамытудың 3 немесе 5 жылдық концепцуалды даму жоспарын жасауды ұсынды.

Келесі сөз аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы М.Алтаевқа берілді. М.Алтаев аудандағы өршіп тұрған мал ұрлығына тоқтала өтіп, ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен бірнеше ұрлақтардың ашылып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, аудандағы автокөлікпен таситын мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында видеокамераны қоюды көбейту қажет, ал көшенің жарығының төмен болуынан камера бар жердің өзінде қиындық туындатып отырған жағдайларды баяндады. Ауданда интрегралды база орнатуды ұсынды.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров – Ауданда қылмысты азайту мақсатында ауыл әкімдерінің және мәслихат депутаттарының потенциалын пайдаланып, көмек көрсете алатынын сеніммен айтты. Сонымен қатар, ауданда интрегалды базаны қою нендей артықшылықтар береді, басқа аудандарда базаны қалай пайдаланып жатқаны туралы және ол қандай нәтиже берері туралы іс жүзінде материалдар бар болса, ұсынуды сұранды.

Келесі сөз аудандық пробация қызметінің бастығы А.Қамбарбаевқа берілді. Ол өз кезегінде пробация қызметінде база орнатылғанын және ол заманауи талапқа сай жұмыс жасап жатыр деп, 2016 жылы атқарған жұмыстары және неше азаматтар қоғамдық жұмысқа қамтылғанын, ондағы кездескен қиындықтарға тоқталды. Сондай-ақ, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарына шолу жасап, Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына орай Елбасының рақымшылық жасау туралы бастамасы бойынша жұмыстар жасайтынын айтты.

Келесі жарыссөзге №5 сайлау округінен сайланған депутат М.Ермаханбетова шықты. Депутат бюджетке қанағаттанатынын, алайда әлі де көптеген қалыс қалған өзекті мәселелерді шешуде жұмыстар атқару қажет деп, Киелітас ауылдық округі Ескі қорған, Астана көшелеріне газ кірмей қалып кеткендігіне, сондай-ақ, Зертас ауылдық округінде әкім лауазымының бос тұруынан бірде-бір жоба бюджетке енбегеніне қынжылыс білдірді.

Күн тәртібіндегі 1,2,3 мәселелер бойынша шешімдердің жобасы жеке-жеке дауысқа салынып, қабылданды.

№ 11/50-VІ  

                                      

Қазақстан Республикасы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет Кодексінің 9-бабының 2-тармағына, 75-бабының 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына және Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №8/74-VI «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде 2016 жылдық 14 желтоқсандағы №3919 нөмірмен тіркелген шешіміне сәйкес, Төлеби аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1.Төлеби ауданының 2017-2019 жылдарға арналған аудандық бюджеті 1,2,3 және 4-қосымшаларға сәйкес, оның ішінде 2017 жылға мынадай көлемде бекітілсін:

1) кірістер - 16 343 168 мың теңге, оның ішінде:

салықтық түсімдер – 1 083 714 мың теңге;

салықтық емес түсімдер – 16 468 мың теңге;

негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 24 610 мың теңге;

трансферттер түсiмi – 15  218 376  мың теңге;

  1. шығындар – 16 339 394 мың теңге;
  2. таза бюджеттік кредиттеу –   0, оның ішінде:

бюджеттік кредиттер – 0;

бюджеттік кредиттерді өтеу – 0;

  1. қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо – 0, оның ішінде:

қаржы активтерін сатып алу – 0;

мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер – 0;

5) бюджет тапшылығы – 3 774 мың теңге;

6) бюджет тапшылығын қаржыландыру –  - 3 774  мың теңге, оның ішінде:

қарыздар түсімі – 0;

қарыздарды өтеу – 3 774 мың теңге;

бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары – 0.

2. 2017 жылы облыстық бюджетке аудандық бюджеттен жеке табыс салығынан және әлеуметтік салықтан 50 пайыз мөлшерінде бөлу нормативтері белгіленсін.

3. 2017 жылы облыстық бюджеттен аудандық бюджетке берілетін бюджеттік субвенциялардың  көлемі – 10 131 387 мың теңге болып белгіленсін.

4. Ауданның жергілікті атқарушы органының 2017 жылға арналған резерві 7 000 мың теңге сомасында бекітілсін.

5. 2017 жылға арналған жергілікті бюджеттің атқарылуы процесiнде секвестрлеуге жатпайтын жергілікті бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесi 4-қосымшаға сәйкес бекiтiлсiн.

6. 2017 жылға арналған аудандық бюджетте әрбір ауылдық округтің бюджеттік бағдарламаларының тізбесі 5 - қосымшаға сәйкес бекітілсін.

7. Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) іске асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бөлінісінде 2017 жылға арналған аудандық бюджеттік даму бағдарламаларының  тізбесі 6-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

8. 2017 жылға арналған жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыру үшін жергілікті өзін өзі басқару органдарында аудандық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерінің тізбесі 7-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

9. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 139 бабының 9 тармағына сәйкес, 2017 жылға ауылдық жерде аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда жұмыс істейтін әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға қызметтің осы түрлерімен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшілердің айлық ақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлық ақылары мен тарифтік ставкалар белгіленсін.

10. Осы шешім 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

№ 11/51-VІ 

  Төлеби ауданы әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңесші орган төрайымы  Р.Бейсебаеваның есебін тыңдап, талқылап, сессия барысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс пікірлерге сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Консультациялық кеңесші органның есебі назарына алынып, аудан көлемінде қылмыстық жазаға тартылғандардың, түзеу мекемелерінен босап шыққандардың  қайта қылмысқа бармаулары мақсатында олардың жұмыспен қамтылуы мен тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетілуі бойынша іс-шаралар ұйымдастыру;

- аудандық пробация қызметі бөлімінде бақылауда тұрғандар мен аудандық ішкі істер бөлімінде есепте тұрғандармен дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер ұйымдастыру;    

- жаңа ашылған жұмыс орындарына мүмкіндігінше бірінші кезекте сотталғандарды қабылдау;                                                                                                                            

- түзету мекемесінде жазасын өтеп отырғандардың еңбекпен қамтылуы үшін кәсіпкерлермен келісім шарттар жасасып, жұмыс орындарын ашу ұсынылсын.

2. Осы шешімнің орындалуын қадағалау аудандық мәслихаттың мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі мен құқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы  мәселелері  жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

№ 11/52-VІ

   Ауданда қылмысқа  қарсы күрес және қылмыстың алдын алу жұмыстарының барысы жайлы аудандық Жергілікті полиция қызметі бастығы орынбасарының есебін тыңдап, талқылап, сессия барысында айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныс пікірлерге сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Ауданда қылмысқа қарсы күрес және қылмыстың алдын алу жұмыстарының барысы жайлы Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары А.Тазабековтың  хабарламасы  назарға алынсын.  

2. «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Заңнамалық актілерін іске асыру мақсатында, аудандық  Жергілікті полиция қызметіне ауданда қылмысқа қарсы күрес және қылмыстың алдын алу жұмыстарын жан-жақты сараптап, алдағы уақытта кезек күттірмес мына төмендегі мәселелерді шешу:

- қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, әсіресе  мал ұрлығын болдырмау мақсатында тұрғындармен бірлесе отырып жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру;  

- учаскелік полиция қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерін орындауын қатаң бақылауда ұстау;

- орта мектептердің, колледждердің кәмелетке толмағандарымен оның ішінде мектепішілік есепте тұрғандармен жеке алдын алу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ кең ауқымды ата-аналар жиналыстарын өткізіп, онда мектеп нспекторларының жұмыстарын және алдағы уақыттарға қойылған бағыттар бойынша тыңдау тәжірибесін жүргізу;

- балалардың күтімі мен тәрбиесі бойынша өздерінің міндеттеріне ықылассыз қараған ата-аналарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартқан басқа да тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын тәжірибеге енгізу;

3. Осы шешімнің орындалуын қадағалау аудандық мәслихаттың мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі мен құқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы  мәселелері  жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Қадырбеков хабарлама жасады.

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

№ 11/53-VІ    

 

         «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабына  сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

       1. Төлеби ауданы әкімдігінің дербес құрамынан С.Бекмұрзаев  шығарылып, оның құрамына  әкім аппаратының  басшысы Е.Қадырбеков  енгізілсін.

Күн тәртібіндегі бесінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева хабарлама жасады.

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

№ 11/54-VІ  

 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабының 12 тармақшасына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Қоса беріліп отырған «Аудан әкімдігі жанындағы «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі» комиссияның құрамы 1 қосымшаға сәйкес бекітілсін.

2. Аудандық мәслихаттың 2012 жылғы 22 маусымдағы №6/31-V    «Аудан әкімдігі жанындағы  кәмелетке  толмағандардың істері және олардың  құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының құрамын бекіту туралы» және  аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 19 маусымдағы №41/198-V «Аудан  әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың  құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы»  шешімдерінің күші жойылсын.

                                                                 (шешімнің қосымшасы қоса тіркеледі)

Күн тәртібіндегі алтыншы мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары С.Тұрғымбеков хабарлама жасады.

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

№ 11/55-VІ  

«Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабаның 1-тармағының 4) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының                  6-бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін  айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Төлеби  аудандық  мәслихаты  ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін  айқындаудың қағидасы бекітілсін.

         2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Күн тәртібіндегі жетінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева хабарлама жасады. (қоса тіркеледі)

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

 

№11/56-VІ                   

Аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

       Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 04 наурыздағы №50/247-V                    «Төлеби ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту туралы» шешіміне төмендегіше өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

Өнеркәсіп саласындағы сусындарды өндіру жылдың басында 100 пйызға бекітілген болса, қайта нақтылау нәтижесінде 98,0 пайызға;

         Металлургия өнеркәсібі жылдың басында 100 пайызға бекітілген болса, қайта нақтылау нәтижесінде 85,6 пайызға;

         Жиhаз жасау жылдың басында 101,0 пайызға бекітілген болса, қайта нақтылау нәтижесінде 100,1 пайызға;

         Тіркелген жалпы көлемдегі шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субьектілерінің үлесі жылдың басында 94,8 пайызға бекітілсе, қайта нақтылау нәтижесінде 91,8 пайызға;

         1000 тұрғынға шаққанда шағын және орта кәсіпкерліктің іс-әрекеттегі субьектілер санының өсімі жылдың басында 69 бірлікке жоспарланса, қайта нақтылау барысында 65,2 бірлікке;

Жастар жұмыссыздығының деңгейі жылдың басында 3,3 пайызға бекітілген болса, нақтылау нәтижесінде 4,8 пайызға жоспарлансын.

Күн тәртібіндегі сегізінші мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы А.Абдрахманов хабарлама жасады.

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

 

№11/57-VІ      

         «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы  Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

       Төлеби аудандық мәслихат аппаратының шығыс сметасы бекітілсін.

                  (Мәслихат аппаратының шығыс сметасы қоса тіркеледі).

Күн тәртібіндегі тоғызыншы мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы А.Абдрахманов хабарлама жасады.

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

 

             №11/58-VІ      

Аудандық мәслихат ШЕШІМ  ҚАБЫЛДАДЫ:

    Қоса тіркелген Төлеби аудандық мәслихатының 2017 жылға арналған`жұмыс жоспары бекітілсін. (Қоса тіркеледі)

                                                                        

Күн тәртібіндегі оныншы мәселе бойынша аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров  хабарлама жасады.

Дауысқа салынып, шешімнің жобасы қабылданды.

 

             №11/59-VІ      

 

        «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 18  бабына сәйкес, аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

       Алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихаттың алдағы болатын кезекті сессиясының төрағасы болып, №2 сайлау округінен сайланған депутат  Манкеев Талғат  сайлансын.

Сессия барысында сөз алған аудан әкімі Б.Парманов ауданды дамыту бағыттарына, атап айтқанда табиғи ерекшеліктеріне байланысты туризм саласына, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, инвестиция, сервистік қызмет көрсету және тағы басқа салаларға тоқталып өтті. Пилоттық жобалар жайлы, ауданның жолдары туралы, ауыз су мәселесіне, инфрақұрылымдарды дамыту мәселелеріне байланысты өз ойларымен бөлісті. Алдағы уақытта жүргізілетін құрылыс жұмыстары да қатаң бақылауға алынатын және ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерге ағын суды жеткізу жұмыстары да қолға алынатыны жайлы айтып, депутаттардың аудан тіршілігіне етене араласып жүргендері және ел игілігіне жұмыс жасап жатқандары үшін өз тарапынан ізетін білдірді.

Сессия жұмысын қорытындылаған аудандық мәслихаттың хатшысы Н.Қойбағаров жаңа құрамдағы мәслихат сайланғалы бері атқарылған жұмыстарға тоқталып, сессияларда қаралған мәселелер мен шешімдер туралы айтып, алдағы уақытта аудандағы күрделі мәселелерге көңіл бөлінетіні жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, БАҚ халық арасында жақсы көзқарас туындату мәселелерін қозғап, ауданның ұзақ мерзімді даму бағдарламаларына өз ойын білдірді. Сондай-ақ, фракция тарапынан ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын жақсартуға көңіл бөлініп, жіті назарда ұстауды және депутаттық корпустың алдағы жылы атқарар жұмыстарында белсенділік танытуын ұсынды.