25.10.2017

Алтындай ұлдан алтын сыйлық

Самбо спорттың бір түрі ғана емес, адамның моральдық және ерік-жігері қасиеттерін дамытуға, патриотизм мен азаматтылыққа ықпал ететін тәрбие беру жүйесі.

      Осы қазан айы қазақ спортының биік шыңды бағындырған, еліміздің қасиетті өлкесі Оңтүстіктің, Төлеби ауданының тарихындағы алтын әріппен жазылған күндердің бірі болды. Олай дейтініміз, 20-23 қазан күндері ауданымыздың барысы Набиев Мади Байдуллаұлы Грекияда өткен самбо күресінен əлем чемпионатында ел намысын қорғап , өзінің 36 жасқа толған күнінде əлем чемпионы атанды.

      Осы қуанышқа орай бүгін аудан әкімі Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы Қайбағаров Мәди Байдуллаұлын құттықтап, арнайы сыйлық табыс етті. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев: «Мен өзім де жас кезімде самбодан кеңес одағының чемпионы болғанмын. Самбо шабуыл емес, самбо – қорғаныс  ғылымы. Самбо өзін-өзі қорғауға үйретіп қана қоймайды, сондай-ақ еңбек пен қоғамдық қызметте қажетті ерік пен жігерді, төзімділікті қалыптастыратын бай тәжірибе береді. Спортпен айналысу, күресу үшін үлкен ақыл керек. Мен, сені Нәби балам, үлкен ақылдың иесі ретінде қатты сыйлаймын. 36 жасқа толып әлем чемпионы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Сенің жеңісіңе ел болып қуандық»,-деді.